Кездесу Іле ауданында орналасқан «Сокол» спорттық-техникалық кешенінде өтті. Қытай делегациясын Цзянсу провинциясының Нанкин қаласына қарасты Сюаньу ауданы Халық үкіметінің басшысы Тун Сяоцзя (Tong Xiaojia) бастап келді. Делегация құрамында мемлекеттік құрылымдардың, іскерлік орта мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы Энергетикалық орталығының өкілдері болды. Келіссөзге «Сокол» спорттық-техникалық кешенінің бас директоры Дастан Ибрагимов те қатысты.
Тараптар Алматы облысының инвестициялық әлеуетін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, өңірде көлік-логистикалық хаб құру, ірі және шағын өндіріс кәсіпорындарын ашу, сондай-ақ қала құрылысы бағытындағы инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелері қаралды. Қытайлық серіктестер «Сокол» кешенінің басшылығымен бірлесіп, аталған бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Өз кезегінде облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Алматы облысының нақты инвестициялық ұсыныстар мен ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, инвесторларды тартуда олардың бизнес ауқымынан бұрын жобалардың нақты нәтижесіне басымдық беріледі. Бұл ретте тартылатын инвестиция көлемі, өндірістік әлеуеттің артуы және бастамалардың іс жүзінде жүзеге асырылуы маңызды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі ауқымды инвестициялық жобалармен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да мүдделі екені айтылды.
Кездесуде «Сокол» спорттық-техникалық кешенінің даму перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар кешеннің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін пайдалану және оны бірлескен инвестициялық бастамаларға тарту мәселелерін қарастырды.
Алматы облысының географиялық орналасуы мен көлік дәліздеріне жақындығы өңірде логистика және өндіріс салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына және өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етуі мүмкін.
Әзірге талқыланған жобалардың инвестиция көлемі, жүзеге асырылу мерзімі мен нақты орналасатын жерлері туралы ақпарат жарияланған жоқ.





