Медициналық мекемелердің ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Оның айтуынша, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Сұраншы ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1981 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Ұлттық жоба аясында нысан толық жаңғыртылып, заманауи медициналық талаптарға сәйкестендірілді. Қазіргі таңда мұнда физиотерапия, емдік дене шынықтыру, акушерлік қызмет, күндізгі стационар және дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттері жұмыс істейді.
Ал Жайсан ауылында 1960 жылы салынған ескі ғимараттың орнына жаңа медициналық нысан бой көтерді. Амбулатория 2 500-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Айта кетейік, Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлығы 38 медициналық нысан салу көзделген. Бұл мақсатқа 8,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 7 нысан пайдалануға беріліп, қалған медициналық мекемелерді 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа амбулаториялардың іске қосылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, аурулардың алдын алу мен ерте анықтауға, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етпек.




