Ұлттық парк мамандары аумақты зерттеу барысында табиғатта сирек кездесетін Тянь-Шань қоңыр аюын (Ursus arctos isabellinus) бейнетаспаға түсіріп алған.
«Асқақ таулар, қалың ормандар мен жабайы табиғаттың жетуі қиын мекендері… Көлсай тағы да ерекше кадрларымен қуантты. Аумақты зерттеу барысында ұлттық парк мамандары Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Тянь-Шань қоңыр аюын таспаға түсіріп алды», – делінген комитет хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, Тянь-Шань қоңыр аюы – Көлсай өңірінің табиғи байлығын айшықтайтын сирек жануарлардың бірі. Оның табиғи мекенінде тіркелуі өңірдегі биоалуантүрлілікті бақылау және жабайы жануарлар дүниесін зерттеу үшін маңызды.
«Оның табиғи мекен ету ортасында тіркелуі биоалуантүрлілікті бақылау үшін маңызды. Біз үшін бұл – ерекше кездесу. Ал аю үшін туған тауларындағы қалыпты тіршілік», – деді комитет өкілдері.
Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі еліміздің көрікті туристік аймақтарының бірі ғана емес, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің табиғи мекені саналады.
Ұлттық парк аумағындағы тау ормандары мен адам аяғы сирек жететін табиғи аймақтар жабайы жануарлардың тіршілігі үшін маңызды орта болып табылады.
Мұндай сирек кадрлар өңірдің табиғи байлығын тағы бір мәрте танытып қана қоймай, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтаудың маңызын көрсетеді.





