Вице-премьердің мәліметінше, Алатау қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қоянқұс шағынауданында 900 оқушыға арналған жаңа жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа денсаулық сақтау нысандары ашылған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде қалада екі фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Оның бірі 2025 жылы Еңбек шағынауданында ашылса, екіншісі 2026 жылдың сәуір айында Жаңаарна шағынауданында пайдалануға берілген.
Мамандарға берілетін үстемеақы сақталады
Қанат Бозымбаев Алатауға қала мәртебесінің берілуі әлеуметтік сала қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау шараларына қатысты өзгерістер туындатқанын атап өтті.
Осыған байланысты «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында мамандарды қолдау үшін екі жылдық өтпелі кезең белгіленген.
«Алатауға қала мәртебесінің берілуіне байланысты «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында мамандарды қолдау үшін екі жылдық өтпелі кезең белгіленді. Бұл бюджет саласы қызметкерлерінің 25 пайыздық үстемеақысын сақтауға мүмкіндік береді», – делінген вице-премьердің жауабында.
Аталған шешім өтпелі кезеңде әлеуметтік сала мамандарына көрсетілетін қаржылық қолдауды сақтауға бағытталған.
Алатауға білікті мамандарды тарту жұмыстары жалғасады
Үкімет алдағы уақытта Алатау қаласына тәжірибелі дәрігерлер мен педагогтерді тартуға, сондай-ақ олардың тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық бермек.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұл бағытта тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қалалық инфрақұрылымды дамыту және мамандарға қолайлы орта қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылданады.
Осылайша, Алатау қаласында жаңа білім беру және медициналық нысандарды іске қосумен қатар, оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылып отыр.





