Сарапшының айтуынша, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) қабылдануы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Құжат азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін енгізіп, мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
«Азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау институты мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ететін, конституциялық құқықтарды іске асыратын және қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты нығайтатын маңызды құрал», – деп атап өтті Г. Аманова өз түсіндірмесінде.
Оның сөзінше, заңнамаға енгізілген өзгерістер өтініштерді қарау тәртібін жетілдіруге, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және мемлекеттік қызметшілердің рәсімдік тәртіпті сақтауына бағытталған.
Аманова азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдарға жолдайтын өтініштері заңнамада бірнеше түрге бөлінетінін түсіндірді. Олардың қатарында арыз, шағым, пікір, сұрау салу, хабарлама және ұсыныс бар.
Маманның айтуынша, өтініштің түрін бастапқы кезеңде дұрыс анықтау оның заң талаптарына сәйкес қаралуына тікелей әсер етеді. Өйткені әрбір жолданымның өзіндік құқықтық ерекшеліктері мен қарау тәртібі бар. Сондықтан мемлекеттік органға жүгінген азамат мәселенің мәнін нақты баяндап, қандай шешім күтетінін анық көрсетуі қажет. Ал өтінішті қабылдаған мекеме оның мазмұны мен құқықтық сипатына сәйкес тиісті рәсімді қолдануға міндетті.
Сарапшы ерекше назар аударған мәселелердің бірі өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуы. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте рәсімдік мерзімдерді есептеудің нақты тәртібі белгіленген. Атап айтқанда, тиісті мерзімнің өтуі өтініш тіркелген күннен кейінгі күннен басталатын жағдайлар қарастырылған. Белгіленген мерзімдерді сақтамау жауапты лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігіне негіз болуы мүмкін.
Мемлекеттік органның шешімімен келіспеген азамат не істеуі керек?
Мемлекеттік органның қабылдаған шешімімен келіспеген азаматтың оны заңда белгіленген тәртіппен қайта қаратуға құқығы бар.
Оның айтуынша, ӘРПК әкімшілік актілерге, мемлекеттік органдардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне шағымданудың сотқа дейінгі тәртібін қарастырады.
Заңда өзгеше көзделмесе, азамат немесе заңды тұлға алдымен жоғары тұрған әкімшілік органға шағымдануы тиіс. Бұл тетік дауларды бірден сотқа жеткізбей, мемлекеттік басқару жүйесінің өз ішінде шешуге мүмкіндік береді. Ал сотқа дейінгі тәртіппен мәселе шешілмеген жағдайда өтініш иесі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жүгініп, өз құқықтарын қорғай алады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің маңызды жаңалықтарының бірі – азаматтың әкімшілік рәсімге қатысу және өз ұстанымын білдіру құқығына берілген кепілдік.
Сарапшының түсіндіруінше, мемлекеттік орган адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне қолайсыз әсер ететін шешім қабылдамас бұрын, заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, оған өз пікірін жеткізуге мүмкіндік беруі тиіс. Бұл ретте азамат қосымша дәлелдер ұсынып, қарсылықтарын білдіре алады және өзінің құқықтық ұстанымын негіздеуге құқылы.
Өтініш басқа мекемеге жолданса, азаматқа хабар берілуі тиіс
Қазіргі таңда мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі цифрлық технологиялардың көмегімен едәуір жеңілдеді. Соның бірі – азаматтар мен заңды тұлғаларға электронды түрде өтініш жолдауға мүмкіндік беретін «eOtinish» ақпараттық жүйесі. Дегенмен маман өтінішті дұрыс рәсімдеудің маңызын еске салды.
Егер азаматтың жолданымы оны қабылдаған мемлекеттік органның құзыретіне жатпаса, ӘРПК-нің 65-бабына сәйкес, өтініш үш жұмыс күні ішінде тиісті уәкілетті органға жіберілуі тиіс. Бұл туралы өтініш беруші міндетті түрде хабардар етіледі. Сарапшының пікірінше, аталған талап азаматтардың бір мәселені шешу үшін бірнеше мемлекеттік органға қайта-қайта жүгінуінің алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік органның жауабы қандай болуы керек?
Аманова мемлекеттік органдардың өтініштерге беретін жауаптары тек формалды сипатта болмауы керектігіне де назар аударды.
Оның түсіндіруінше, әрбір жауап қолданыстағы заңнама нормаларына негізделіп, өтініш иесінің келтірген уәждерін жан-жақты талдауды қамтуы қажет. Егер мемлекеттік орган өтінішті қанағаттандырудан бас тартса, мұндай шешімнің нақты құқықтық негіздерін көрсетуге және оған шағымдану тәртібін түсіндіруге тиіс. Бұл талап азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттік органдардың шешім қабылдауындағы ашықтықты қамтамасыз етуге және негізсіз бас тарту жағдайларын азайтуға бағытталған.
Заң талаптарын сақтау – халық сенімінің негізі
Сарапшы азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін жетілдіру мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Оның негізінде ашықтық, әділдік, заңдылық және адам құқықтарының басымдығы қағидаттары жатыр.
Г. Аманова мемлекеттік органдардың рәсімдік талаптарды бұлжытпай орындауы, өтініштерді уақытылы әрі сапалы қарауы және азаматтардың өз құқықтарын сауатты пайдалануы қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатынын атап өтті.
Сондықтан өтініштерді қарауда формализмге жол бермеу, әрбір мәселені заң талаптарына сәйкес жан-жақты зерделеу және негізді шешім қабылдау мемлекеттік қызметтің басты талаптарының бірі болып қала береді.





