Іле ауданының жас спортшылары биыл халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстанның спорттағы беделін арттыруға үлес қосты. Әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жеңістері аудан жұртшылығы үшін үлкен мақтанышқа айналды.
Атап айтқанда, Жапонияда өткен Азия ойындарында Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан қола медаль жеңіп алды. Ал Грекияда жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған самбодан әлем чемпионатында Айғаным Асылан қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Аталған әлем біріншілігінде Қарақат Рахыбай мен Азамат Байзаков күміс жүлдеге ие болса, Мерей Дәулетқан қола медаль еншіледі.
Сондай-ақ Ахмет Байбек дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жекелей сында қола жүлдегер атанып, аралас командалық жарыста чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Жас спортшылардың халықаралық аренадағы табыстары Іле ауданында спорттың қарқынды дамып келе жатқанын және дарынды жастардың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Осы жетістіктерге орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары және демеушілер қатысты.
Кездесуде спортшылардың жеңіске жету жолындағы қажырлы еңбегі, табандылығы мен мақсатқа ұмтылысы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар жас таланттарды үлкен спортқа баулып, халықаралық деңгейге дайындаған жаттықтырушылардың еңбегіне жоғары баға берілді.
«Сіздердің жетістіктеріңіз – еліміз үшін зор мақтаныш, ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Бұл – қажырлы еңбектің, қайсар мінез бен жеңіске деген жігердің нәтижесі. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, көк Туымызды халықаралық ареналарда желбірете берулеріңізге тілектеспіз», – деп атап өтілді салтанатты кездесуде.
Шара барысында халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың бапкерлеріне құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды. Демеушілер мен жаттықтырушылар жас спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, жаңа жеңістерге жігерлендірді.
Іле ауданы спортшыларының әлемдік деңгейдегі жетістіктері – жүйелі дайындық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Олардың жеңістері жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондарға үлгі болмақ.





