Бүркіттерді табиғатқа қайтару – ұзақ уақыт пен ерекше күтімді қажет ететін күрделі үдеріс. Құстарды арнайы тәлімбақта өсірумен қатар, оларды өздігінен қорек табуға, аң аулауға және жабайы ортада тіршілік етуге бейімдеу маңызды.
«Сұңқар» тәлімбағының директоры Ашот Анзоровтың айтуынша, бір бүркітті өсіру үшін қомақты қаражат пен мамандардың жүйелі еңбегі қажет. Шығын тек құстарды азықтандырумен шектелмейді. Оған ветеринариялық қызмет, арнайы қоршауларды күтіп ұстау, қызметкерлердің еңбекақысы және бүркіттерді табиғатқа бейімдеу жұмыстары кіреді.
Мәселен, ересек бүркіт күніне шамамен 500 грамм ет жесе, үш айға дейінгі балапанға тәулігіне бір келіге дейін ет қажет. Құстардың дұрыс өсіп-жетілуі үшін олардың азығы әртүрлі болуы тиіс. Сондықтан тәлімбақта қояндар, егеуқұйрықтар, тау кекіліктері мен басқа да құстар пайдаланылады.
Ал табиғатқа жіберілетін бүркіттерге тірі жемтік ұсынылады. Бұл олардың аңшылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Бір бүркітті өсіруге жұмсалатын нақты қаражат көлемі жарияланған жоқ. Дегенмен мамандардың айтуынша, жыртқыш құсты табиғатқа дайындау бірнеше кезеңнен тұрады.
Бүркіттерді көбейту жұмыстары балапандар дүниеге келмей тұрып басталады. Көбею кезеңіне дейін кемінде бір жыл бұрын ересек құстардың азықтандырылуы күшейтіледі.
Ашот Анзоровтың сөзінше, бүркіттер жұмыртқаларын 40 күннен астам уақыт басады. Балапандардың жарып шығуына шамамен бір апта қалғанда жұмыртқалар инкубаторға ауыстырылып, ұяға олардың жасанды үлгілері қойылады. Жұмыртқадан шыққан балапандар бірнеше күн бойы мамандардың бақылауында болып, кейін денсаулығы жақсы болса, қайтадан енесіне беріледі.
Жас бүркіттер есейген соң арнайы кең қоршауларға көшіріледі. Биіктігі алты метрге дейін жететін мұндай орындарда құстар қанаттарын шынықтырып, биікке көтерілуді және өздігінен аң аулауды үйренеді.
Сондықтан еркіндікке жіберілетін орын да мұқият таңдалады. Ең алдымен, аумақта табиғи қорек қорының жеткілікті болуы, адам әрекетінің, құрылыс жұмыстары мен өндірістік нысандардың әсері барынша аз болуы ескеріледі. Бүркіттер табиғатқа жіберілгеннен кейін де мамандардың назарынан тыс қалмайды. Кемінде бір апта бойы олардың ұшу белсенділігі, жаңа ортаға бейімделуі және қорек табу қабілеті бақыланады. Егер құс қоян секілді жабайы жануарларды өздігінен аулай бастаса, бұл оның табиғи тіршілікке бейімделгенінің маңызды белгісі саналады.
Бір қызығы, Алматы облысында еркіндікке жіберілген бүркіттер міндетті түрде осы өңірде тұрақтап қалмайды. Ашот Анзоров бұған дейін тәлімбақтан жіберілген құстардың бірі Алматыдан Қостанайға дейін ұшып, кейін Балқаш маңынан табылғанын айтты.
Бұл бүркіттердің кең аумақта қоныс аударып, өздеріне қолайлы мекен іздей алатынын көрсетеді.





