14–16 қазан аралығында Жамбыл ауданының Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінде жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Дәстүрлі сөз сайысын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Алматы облысының білім басқармасы және «Жас дарын» облыстық орталығы бірлесіп өткізді.
Республикалық додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген 40 жас ақын қатысты. Үш күнге созылған өнер сайысында қатысушылар ұлттық айтыс дәстүрін жалғастырып, тапқырлығы мен суырыпсалмалық қабілетін көпшілік назарына ұсынды.
Байқаудың басты мақсаты – қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың бай әдеби мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту және ұлттық поэзияға деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар жас айтыскерлерге қолдау көрсетіп, олардың үлкен өнер сахнасына жол ашу көзделді.
Айтыс екі бағыт бойынша өтті. «Тақырыптық айтыста» жас ақындар Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын арқау етіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді жырға қосты. Қатысушылардың тақырыпты ашу шеберлігі, ой тереңдігі мен сөз саптауы бағаланды.
Ал «Қайым айтыс» бағытында ақындардың суырыпсалмалық қабілеті сынға түсті. Жас өнерпаздар қарсыласының сөзіне табан астында жауап қайтарып, ұтымды ұйқас құрау, тапқыр ой айту және сөзбен қағысу шеберлігін көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен екі бағыт бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар анықталды. Нәтижесінде екі жас ақын Бас жүлдеге ие болса, екі қатысушы І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ төрт оқушы ІІ орын, алты оқушы ІІІ орын иеленді. Бұдан бөлек, өнерімен ерекшеленген сегіз жас ақын арнайы жүлдемен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары табысталды. Алматы облысының білім басқармасы тарапынан ақшалай және заттай сыйлықтар берілді.
Жас таланттарды қолдауға жергілікті билік өкілдері мен өнер жанашырлары да атсалысты. Жамбыл ауданының әкімдігі, Алматы облысының өнер сүйер қауымы және Жамбыл ауылының ақсақалдар алқасы үздік қатысушыларға арнайы сыйлықтар ұсынды.
Сонымен қатар «Жамбыл» және «Сүйінбай» мұражайлары жас айтыскерлерге қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны тарту етті. Ал Жамбыл ауданының білім бөлімі барлық қатысушыға «Жамбыл естеліктері» кітабын сыйлады.





