Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов Қараой ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден кейін елді мекендегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы назар аударған нысандардың бірі – Қараой ауылында салынып жатқан ерікті өрт сөндіру бекеті.
Жоба Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа бекеттің басты міндеті – өрт және өзге де төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың оқиға орнына жету уақытын қысқарту. Әсіресе, шалғай орналасқан ауылдар үшін мұндай нысандардың маңызы зор. Өйткені төтенше жағдай кезінде әр минут адам өмірі мен мүлкін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
Жоспар бойынша өрт сөндіру бекеті заманауи талаптарға сай жабдықталып, қажетті арнайы техникамен және жеке құраммен қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, 2026 жылы Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округінде де осындай өрт сөндіру пункті салынған.
Ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін көбейту төтенше жағдайларға ден қою жүйесін жетілдіруге, өрттің алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қараойдағы жаңа нысан іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарына көрсетілетін өртке қарсы қызметтің қолжетімділігі артады деп күтілуде.





