Кездесу барысында тұрғындар ауылдың тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, Әли ауылында жаңа аллея салу, елді мекендерді газдандыру және инфрақұрылымды жақсарту мәселелері талқыланды.
Тұрғындар ауылдың көркін арттырып, халықтың демалуына қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар газбен қамту және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетерлігі, бұған дейінгі кездесулермен салыстырғанда бұл жолы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар саны аз болды. Жиын барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, жергілікті билікке алғысын білдірген азаматтар да болды.
Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов көтерілген мәселелерге қатысты түсініктеме беріп, тұрғындардың ұсыныстары назарға алынатынын жеткізді.
Мұндай кездесулер жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогты нығайтып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік береді.





