Іле ауданында жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық кездесулер жалғасуда. Бұл жолы аудан басшысы Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымды жақсартуға қатысты мәселелерді талқылады.
Жиында тұрғындар тарапынан ең көп көтерілген мәселелердің бірі – саяжай кооперативтеріне елді мекен мәртебесін беру болды. Бұл мәселе саяжай аумақтарында тұратын азаматтар үшін өзекті болып отыр.
Аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетовтің айтуынша, аталған бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде төрт ауылдың бас жоспары бекітіліп, олардың әкімшілік шекарасына 61 саяжай кооперативі енгізілген.
Ал қалған елді мекендер бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.
Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымды дамытуға және елді мекендердегі тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, жауапты сала жетекшілеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жиын соңында Қайыржан Жақсымбетов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады.
Айта кетейік, саяжай кооперативтерін ауыл шекарасына енгізу мәселесі Іле ауданындағы тұрғындар үшін маңызды тақырыптардың бірі болып қала бермек. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі елді мекендердің алдағы дамуына тікелей әсер етеді.





