Жолдың қайта жаңғырту аясында төрт көпір, бір көлік айрығы, бір жол өткелі, бес бұрылыс алаңы және 61 су өткізу құбыры салынды. Жобада 305 маман мен 104 бірлік техника жұмылдырылды.
«Бұл жол Алматы облысы үшін стратегиялық маңызды. Төрт жолақты қозғалыстың ашылуы көлік шығындарын азайтып, логистиканы тиімді етеді», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Сонымен қатар, биыл өңірде 178 шақырым облыстық маңызы бар жол және 341 шақырым республикалық маңызы бар автожол жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары жол қауіпсіздігін арттыруға, қозғалыс жылдамдығын қамтамасыз етуге және бизнес пен тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жобалардың аймақ инфрақұрылымын жақсартудағы маңызын атап өтті. «Ұзындығы 67 шақырым «Күрті – Қапшағай» жолы – жүйелі жол жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді», – деді әкім.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылы да жол жобаларын жалғастырып, өтпелі учаскелерді аяқтау және автожолдардың қауіпсіздігін арттыру бойынша жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.




