Алдағы жылдары ауданның егістік алқабын 45 мың гектардан асыру жоспарланған. Ал 2025–2029 жылдары агросекторда жалпы құны 87 миллиард теңге болатын 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 1 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Ұйғыр ауданы бүгінде еліміздегі жүгері өндірісінің жетекші орталықтарының бірі саналады. Биыл аудандағы жалпы егістік көлемі 27,4 мың гектарға жетті. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 3,3 мың гектарға немесе 14,1 пайызға көп.
Оның ішінде дәндік жүгері 9 080 гектарға егілген. Бұл – Алматы облысындағы жүгері алқаптарының 16,3 пайызы.
2,5 мың гектарға тамшылатып суару енгізілді
Жүгері өндірісін дамытудағы ірі жобалардың бірі – «Assem Kaljat» ЖШС бастамасы. Кәсіпорын 2 487 гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізіп, заманауи суару технологияларын қолдана бастаған.
Қазір шамамен 2,5 мың гектар алқап тамшылатып суару жүйесімен қамтылған. 50 суару ұңғымасы бұрғыланып, 303 шақырым магистральдық су құбыры тартылды. Жобаға 1,3 миллиард теңге инвестиция салынған.
Кәсіпорын базасында ауданның ірі және шағын шаруа қожалықтарының өкілдері бас қосып, жүгері өсірудің заманауи тәсілдері бойынша тәжірибе алмасты. Шаруалар алқаптағы өндіріс барысымен танысып, суару жүйелерінің тиімділігі, тұқым таңдау, агротехникалық жұмыстарды ұйымдастыру және өнімділікті арттыру тәсілдерін талқылады.
Мұндай кездесулер ірі шаруашылықтарда қолданылып жүрген технологияларды шағын және орта шаруашылықтарға таратуға мүмкіндік береді.
18,2 миллиард теңгелік агрокластер құрылады
Ауданда жүзеге асырылып жатқан тағы бір ірі бастама – «АА Агро Қонаев» ЖШС мен «QS Logistics Systems LTD» ЖШС-нің бірлескен жобасы.
Серіктестік 4 400 гектар жерді игеріп, заманауи суару технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Алдағы кезеңде жүгері мен соя өсіруге арналған құны 18,2 миллиард теңгелік агроөнеркәсіптік кластер құру көзделген.
Жалпы ауданда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге басымдық беріліп отыр. 2024 жылы мұндай технологиялар 450 гектар жерде қолданылса, 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 19 790 гектарға жеткізу жоспарланған.
Сонымен бірге 2026–2028 жылдары 17 187 гектар жайылымды суармалы егістікке айналдыру көзделіп отыр. Суару желілерін жаңғырту есебінен тағы 6 396 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмек.
Барлық жоспар жүзеге асса, Ұйғыр ауданындағы егістік көлемі қазіргі 27,4 мың гектардан 45 196 гектарға дейін ұлғаяды.
13 жоба және 1 200 жаңа жұмыс орны
Ауданның аграрлық секторына салынатын инвестиция көлемі де артып келеді. 2025–2029 жылдары жалпы құны 87 миллиард теңге болатын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Олар жүгері өсірумен ғана шектелмейді. Жобалар арасында гибридті тұқым өндіру және өңдеу, астық сақтау, құс шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту бағыттары бар. Нәтижесінде 1 200 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Шаруаларды қаржыландыру көлемі де ұлғайған. 2026 жылы «Кең Дала» бағдарламасы бойынша аудандағы 10 шаруашылық 772,9 миллион теңге несие алды. Бұл көрсеткіш бойынша Ұйғыр ауданы облыста Қонаев қаласы мен Балқаш ауданынан кейін үшінші орында.
Осылайша, ауданда жүгері өндірісін арттырумен қатар, жаңа жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, су үнемдеу технологияларын кеңейту және өнімді өңдеу инфрақұрылымын қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Ірі инвестициялық жобалар толық жүзеге асса, Ұйғыр ауданының аграрлық өндіріс көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік туады.





