Мәселе Алматы – Бішкек халықаралық автожолының 19–27 шақырым аралығындағы учаскесіне қатысты. Аталған бағыт Алматы қаласына кіретін ең қарбалас жолдардың бірі саналады. Мұнда тәулігіне 100 мыңға жуық автокөлік қатынайды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Еркебұлан есімді тұрғын жол құрылысының бастапқы қарқыны сақталмағанын айтып, жауапты мекемеден жұмыстың қашан аяқталатынын сұраған. Оның сөзінше, жазда жол бойында арнайы техникалар жұмыс істеп, ағаштар кесіліп, кеңейту жұмыстары белсенді жүргізілген. Алайда кейінгі уақытта құрылыс қарқыны айтарлықтай төмендеген.
Тұрғындардың сауалына «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жауап берді.
Компания мәліметінше, Алматы – Бішкек автожолының 19–27 шақырымындағы қолданыстағы асфальт жабындысын бұзып, жаңа жол төсемін салу жұмыстары 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
Мамандар мұндай шешімді қыс мезгілінің жақындауымен және құрылыс технологиясының ерекшеліктерімен байланыстырады. Өйткені жолды сегіз жолаққа дейін кеңейту үшін тек асфальт төсеу жеткіліксіз. Жоба бойынша жол төсемінің құрылымын толық ауыстыру, оның биіктік деңгейін өзгерту, орталық бөлу жолағы мен жарықтандыру бағандарын алып тастау қажет.
Бұл жұмыстар белгілі бір технологиялық тәртіппен, кезең-кезеңімен атқарылуға тиіс. Алдымен жол бойындағы инженерлік коммуникациялар көшіріледі. Одан кейін ғана қолданыстағы жол жабындысын бұзу және жаңа жол құрылымын салу басталады.
«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің түсіндіруінше, қыс қарсаңында жолдың негізгі бөлігін бұзу көлік қозғалысын күрделендіріп, жүргізушілер мен жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына қосымша қолайсыздық туғызуы мүмкін. Себебі бұл бағыттағы көлік ағыны онсыз да жоғары.
Сондықтан қазіргі уақытта құрылысшылар жол өткелдері мен көлік айрықтарын салуға, инженерлік желілерді көшіруге және қажетті құрылыс материалдарын дайындауға басымдық беріп отыр.
Осылайша, Алматы – Қаскелең тасжолындағы құрылыс толық тоқтаған жоқ. Жұмыстың негізгі бөлігіне дайындық жалғасуда. Ал қолданыстағы жол төсемін ауыстыру жұмыстары келесі жылдың көктемінде басталмақ.
Алматы мен Қаскелең арасындағы тасжол – облыс тұрғындары күнделікті пайдаланатын маңызды көлік бағыттарының бірі. Жолды сегіз жолаққа дейін кеңейту осы учаскенің өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.





