Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасының маңызды басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенінде оң өзгерістер байқалғанымен, шаруаларды қаржыландыру мәселесінде әлі де шешімін күткен міндеттер бар.
«Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет. Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау аясында жеңілдетілген қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқанын жеткізді.
Атап айтқанда, шаруаларға жеңілдетілген шарттармен берілетін қаржы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Бұл – 500 миллиард теңгеге немесе 50 пайызға артық.
Дегенмен Мемлекет басшысы бөлінген қаражаттың бір бөлігі өндірісті ұзақ мерзімді дамытуға емес, шаруашылықтардың күнделікті шығындарын өтеуге және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отырғанына назар аударды.
Осыған байланысты Президент фермерлердің болашақтағы жұмысын алдын ала жоспарлауына мүмкіндік беретін тұрақты қаржыландыру жүйесін қалыптастыру қажеттігін айтты.
«Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл тапсырмасы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге, өндірісті жаңғыртуға және аграрлық сектордың тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.





