«Мен үшін биылғы жыл ерекше. Алғаш рет жеке куәлік алдым. Құжат алу – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау да алғаш рет өтіп жатыр. Сондықтан бүгін өзім ерекше толқып тұрмын. Бұған дейін ата-анаммен бірге сайлау учаскесіне келіп, олардың дауыс бергенін сырттай көретінмін. Ал бүгін алғаш рет өз таңдауымды өзім жасадым. Сыйлыққа алған кітабымды алғашқы дауыс берген күнімнің естелігі ретінде сақтап қоямын», – деді Ажимуратова Нышанкуль.
Талғар ауданында биыл алғаш рет дауыс беруге 2 267 жас сайлаушы қатыса алады. Ал Алматы облысы бойынша кәмелет жасына толып, алғаш рет сайлау құқығына ие болғандардың саны – 14 104 адам. Жалпы облыста 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді, оның 88-і Талғар ауданында орналасқан.





