Биыл елді мекендегі 16 көшенің жалпы ұзындығы 8,6 шақырым болатын жолы орташа жөндеумен қамтылды. Жобаға жергілікті бюджеттен 281 млн теңге бөлінген.
Жөндеу жұмыстарының басты ерекшелігі – бұған дейін асфальт төселмеген көшелердің де жобаға енгізілуі. Осылайша ауыл ішіндегі жолдардың бір бөлігі алғаш рет қатты жабынмен қамтылады.
Құрылыс жұмыстарын «ЕР-НУР СТРОЙ и К» ЖШС жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша жөндеу қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталуы тиіс.
Қонаев қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің айтуынша, Шеңгелді ауылдық округіндегі жолдарды жаңарту жұмыстары былтыр басталған.
«Былтыр Кешенді даму жоспары аясында Шеңгелді ауылдық округіне қарасты елді мекендердің жолдары жөнделді. Биыл негізгі жұмыстар Шеңгелді ауылының өзінде жалғасып жатыр. 16 көшедегі 8,6 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылады», – деді Бағдат Алиев.
Кешенді даму жоспары аясында Қонаев қаласының өзінде де бірнеше ірі жол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Әуезов және Абай көшелерінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Абай көшесіндегі құрылыс жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Жалпы жоспар аясында қаладағы жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 10-нан астам жобаны іске асыру көзделген.
Бұдан бөлек, Кешенді даму жоспарына кірмейтін Қарлығаш шағынауданында 7,4 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мұнда 8,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу, аялдамалар орнату және көшелерді жарықтандыру қарастырылған.
Қарлығаш шағынауданындағы ауқымды жол жөндеу жұмыстары 2025 жылы басталған. Жоспарға сәйкес, жоба биыл толық аяқталуы тиіс.
Жол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту Шеңгелді ауылы мен Қонаев қаласының тұрғындары үшін көлік қатынасын жақсартып, елді мекендердегі қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға бағытталған.





