Жобаға қаладағы 12 мектеп пен 13 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қатысты. Бірнеше ай бойы педагогтер жасанды интеллект құралдарын сабақ жоспарларын әзірлеу, оқу материалдарын дайындау және оқушыларға жеке тапсырмалар құрастыру барысында қолдануды үйреніп, тәжірибе жинақтады.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов білім беру жүйесін жаңғыртуда заманауи технологиялардың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда оны тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану маңызды.
«Smart Teacher Qonaev» жобасы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі жауапты қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Бұл – педагогтердің жаңашылдыққа ұмтылысының айқын көрінісі», – деді қала әкімі.
Жоба аясында оқушылардың жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыруға да ерекше назар аударылды. Педагогтердің пікірінше, нейрожелілер білім алуға көмектескенімен, оқушының өздігінен ізденуіне, ойлануына және шешім қабылдауына кедергі келтірмеуі тиіс.
Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Асия Қарақойшинова жасанды интеллектіні білім беруде көмекші құрал ретінде қолдану қажеттігін айтты.
«Тапсырмалар баланы талдауға, ақпарат іздеуге және өзіндік қорытынды жасауға ынталандыруы керек. Жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін алмастырмай, тек көмекші құрал болғаны дұрыс», – деді педагог.
Жоба қорытындысы бойынша үздік білім беру ұйымдары бірнеше номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, Қазақ орта мектеп-лицейі «Жылдың цифрлық серпілісі» номинациясын жеңіп алса, орта мектеп-гимназиясы «Smart көшбасшы мектебі – 2026» аталымында үздік деп танылды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Smart Teacher Qonaev-2026» жобасы педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, білім беру үдерісінде жаңа технологияларды тиімді пайдалануға жол ашты. Бастаманың басты мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқушының шығармашылық қабілетін, сыни ойлауын және өз бетінше білім алу дағдыларын дамытуға бағыттау.





