Аталған жобаға Қонаев қаласындағы 12 мектеп пен 13 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қатысқан. Бірнеше ай бойы мұғалімдер мен тәрбиешілер жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде қолданудың жаңа тәсілдерін меңгеріп, тәжірибелерін жетілдірді.
Атап айтқанда, педагогтер цифрлық технологиялардың көмегімен сабақ жоспарларын әзірлеу, оқу материалдарын дайындау және оқушылардың білім деңгейіне сәйкес жеке тапсырмалар құрастыру бағытында жұмыс жүргізді.
Салтанатты жиында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов білім беру жүйесін жаңғыртуда заманауи технологиялардың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Алайда оны тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану маңызды.
«Smart Teacher Qonaev» жобасы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі жауапты қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Бұл – педагогтердің жаңашылдыққа ұмтылысының айқын көрінісі», – деді қала әкімі.
Жоба барысында оқушыларға жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды үйретуге де ерекше көңіл бөлінді. Мамандардың пікірінше, нейрожелілер ақпарат іздеуге, тапсырмаларды орындауға және оқу материалдарын меңгеруге көмектескенімен, оқушының өздігінен ойлау және талдау қабілетін алмастырмауы қажет.
Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Асия Қарақойшинова цифрлық технологияларды қолдану кезінде баланың сыни ойлау дағдысын дамыту басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.
«Тапсырмалар баланы талдауға, ақпарат іздеуге және өзіндік қорытынды жасауға ынталандыруы керек. Жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін алмастырмай, тек көмекші құрал болғаны дұрыс», – деді педагог.
Жоба қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне енгізуде белсенділік танытқан ұйымдар арнайы номинациялармен марапатталды.
Атап айтқанда, Қазақ орта мектеп-лицейі «Жылдың цифрлық серпілісі» номинациясын иеленсе, орта мектеп-гимназиясы «Smart көшбасшы мектебі – 2026» атанды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Smart Teacher Qonaev – 2026» жобасы педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, білім беру үдерісінде жаңа технологияларды саналы әрі тиімді қолдану тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған.
Жоба нәтижесі жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізуде технологиялық мүмкіндіктермен қатар мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен оқушының өз бетінше ойлау қабілетін дамыту маңызды екенін көрсетті.





