Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, мерекелік кешке қаланың қалыптасу тарихына еңбегі сіңген азаматтар қатысты. Олардың қатарында алғашқы құрылысшылар, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және коммуналдық шаруашылық салаларының ардагерлері, сондай-ақ көпбалалы ана мен Аналар кеңесінің белсенді мүшесі бар.
Салтанатты жиында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға қала әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды.
Шара барысында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, олардың еңбегі мен өмірлік тәжірибесінің жас ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды.
«Қарттар күні – аға буынға деген құрметімізді білдіретін ерекше мереке. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен еңбектеріңіз жастарға үлгі. Қаламыздың бүгінгі жетістіктерінде сіздердің де үлестеріңіз бар. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, бейбітшілік пен береке тілеймін», – деді Асхат Бердіханов.
Мерекелік шарада Роза Ким, Светлана Джумаджанова, Сағира Бәкібаева, Әлия Уәлиева, Нұрипа Қайықпаева, Гүлай Искендирова және Күләш Мүсекенова құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қала басшылығы аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсене араласуы мен кейінгі ұрпақ тәрбиесіне қосып жүрген үлесін атап өтті.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнерпаздар ардагерлерге арнап ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.





