Алдын алу жұмыстары «Қауіпсіз қала» акциясы аясында Қонаев қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен әкімдік өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – жылыту маусымында өрт пен иіс газынан улану қаупін азайтып, төтенше жағдайлардың алдын алу.
Мамандар алғашқы аралауды Шеңгелді ауылынан бастады. Келесі кезеңде Қонаев қаласындағы қатты отынмен жылытылатын жеке тұрғын үйлер қамтылады.
Үй-үйді аралау барысында тұрғындарға пешті дұрыс жағу, мұржаны уақытылы тазалау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар үйлерге ауадағы иіс газының мөлшері қауіпті деңгейге жеткен жағдайда белгі беретін арнайы датчиктер орнатылып жатыр.
Биыл Қонаев қаласы мен оған қарасты ауылдардағы тұрғын үйлерге осындай 100-ден астам құрылғы орнату жоспарланған.
Иіс газының басты қаупі – оның түсі мен иісінің болмауында. Сондықтан адам қауіпті газдың бөлмеге тарағанын бірден байқамауы мүмкін. Арнайы датчик газ концентрациясы жоғарылаған кезде дабыл беріп, тұрғындарға қауіп туралы дер кезінде ескертуге мүмкіндік береді.
Қонаев қаласының әкімдігі тұрғындарға жылыту маусымы басталғанға дейін пештер мен мұржалардың жағдайын тексеріп, оларды тазалауды және ақау анықталған жағдайда жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуді ұсынады.
Мамандардың айтуынша, жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау өрт пен иіс газынан уланудың алдын алуда маңызды рөл атқарады.





