Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта Шеңгелді, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарындағы ауыз су желілері қайта жаңғыртылады. Жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткен. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету және қолданыстағы су жүйесінің жұмысын жақсарту.
Асхат Бердіхановтың айтуынша, тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамту жергілікті биліктің басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сонымен қатар ауылдық округте көшелерді жарықтандыру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Шеңгелді, Кербұлақ, Сарыбұлақ, Ақөзек және Қосқұдық елді мекендеріндегі 88 көшеге жарық шамдарын орнату көзделген. Жарықтандыру желілерінің жалпы ұзындығы 68,3 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта жоба бойынша мемлекеттік сараптама жүргізіліп, қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Биыл ауылдық округтің бес елді мекенінде 21 жаңа автобус аялдамасы орнатылған. Бұдан бөлек, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында ойын және спорт алаңдары салынып, бұрыннан бар нысандар жаңартылуда.
Атап айтқанда, Шеңгелді ауылындағы екі көшеде балалар ойын алаңдары пайдалануға берілген. Қазір Кемел Тоқаев көшесінде тағы бір алаңның құрылысы жүріп жатыр. Қосқұдық, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында да осындай жұмыстар атқарылуда.
Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жаңа жобалар қолға алынған. Демеушілердің қаражатына Шеңгелді ауылында екі өрт сөндіру көлігіне арналған арнайы бекет салынды. Ғимаратта техникаларға арналған орындармен қатар қызметкерлердің демалыс бөлмесі, оқу сыныбы және жаттығу алаңы қарастырылған.
Сондай-ақ ауылдық округ аумағында 66 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі кезде камералар орналастырылатын аумақтар белгіленіп, қажетті техникалық жабдықтар сатып алынуда.
Кездесу барысында ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Шеңгелді ауылына дейін автоматтандырылған газ тарату станциясын салуға арналған жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылған. Сонымен бірге елді мекендердің ішкі газ желілерін жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Тұрғындар қала әкіміне ауылішілік жолдардың сапасы, газ сатып алу мәселесі және теміржол бойындағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу қажеттігі туралы сауалдарын жеткізді.
Асхат Бердіханов көтерілген мәселелер жауапты мекемелердің қатысуымен қаралып, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары бекітілген жоспар мен қаржыландыру мүмкіндіктеріне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.





