Дауыс бергендердің қатарында 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, грек-рим күресінің шебері Демеу Жадраев бар. Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауын білдірді.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыман да сайлауға қатысты. Ол 2023 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, 2024 жылы Таиландта WBA Asia белбеуін жеңіп алған.
Стенд атудан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы, Азия ойындарының чемпионы әрі Әлем кубогының рекордшысы Әсем Орынбай да дауыс берді.
Ал бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай өз таңдауын Жаңашар ауылында жасады. Спортшы оқу-жаттығу жиынында жүргендіктен, сайлауға қатысу үшін алдын ала есептен шығару куәлігін алған.
Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесіне қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов келді. Әлемдік ММА аренасында Қазақстанның атын танытып жүрген спортшы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.
Боксшылар рингтен сайлау учаскесіне келді
Сайлау күніндегі ерекше сәттердің бірі Есік қаласында болды. №123 сайлау учаскесіне Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасының бір топ мүшесі келді.
Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Оразбек Асылқұлов, Төрехан Сабырхан, Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Сағындық Тоғамбай, Айбек Оралбай және басқа да спортшылар болды.
Ұлттық құрама қазіргі уақытта Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Тығыз дайындық кестесіне қарамастан, боксшылар сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Танымал спортшыларды көрген сайлаушылар олармен естелік суретке түсіп, алдағы жарыстарда сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.
Осылайша, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген спортшылар сайлау күні азаматтық белсенділік танытты. Әдетте рингте, бозкілемде немесе спорт алаңдарында жанкүйерлер алдына шығатын чемпиондар бұл жолы сайлау учаскелерінде ел азаматтары ретінде өз таңдауларын жасады.





