Жалпыұлттық аза тұту – адам шығынына әкелген аса ауыр оқиғалардан кейін қаза болғандарды еске алу және олардың туған-туыстарының қайғысына ортақтасу белгісі.
Мұндай күндері Қазақстанның Мемлекеттік Туы тутұғыр биіктігінің жартысына дейін төмен түсіріледі. Бұл тәртіп «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңда бекітілген.
2006 жыл. Қарағандыдағы шахта апаты
2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші қаза тапты. Тағы бірнеше адам жарақат алды.
Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанда алғаш рет жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
2008 жыл. «Абай» шахтасындағы жарылыс
2008 жылдың қаңтарында Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында метан жарылысы болды. Апат салдарынан 30 кенші қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.
Қаза тапқандарды еске алу үшін елде аза тұту жарияланды.
2010 жыл. Қызылағаштағы су тасқыны
2010 жылғы 11 наурызда Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы су қоймасының бөгеті бұзылды. Алапат су тасқыны ауылды басып, 45 адам қаза тапты. Жүздеген үй бүлініп, көптеген тұрғын баспанасыз қалды.
16 наурыз жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2012 жыл. «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қырғын
2012 жылғы мамырдың соңында Алматы облысындағы «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты 5 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2012 жыл. Шымкент маңындағы ұшақ апаты
2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы апатқа ұшырады. Борттағы 27 адамның барлығы қаза тапты.
27 желтоқсан ел көлемінде аза тұту күні болды.
2013 жыл. SCAT ұшағының апаты
2013 жылғы 29 қаңтарда Көкшетаудан Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады.
Ұшақтағы 21 адамның барлығы қаза тапты. Осыған байланысты 31 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2016 жыл. Ақтөбедегі қарулы шабуыл
2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында қарулы топ қару-жарақ дүкендеріне және әскери бөлімге шабуыл жасады.
Қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілер қаза тапты. 9 маусым елде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2019 жыл. Bek Air ұшағының апаты
2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін биіктігін жоғалтып, әуежай маңындағы ғимаратқа соғылды.
Апат салдарынан 12 адам қаза тапты. 28 желтоқсан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2020 жыл. COVID-19 құрбандарын еске алу
2020 жылғы 13 шілде коронавирус пандемиясынан қайтыс болған қазақстандықтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Бұл жолғы аза тұту белгілі бір апатқа емес, бүкіл әлемді қамтыған пандемия салдарынан көз жұмған азаматтарды еске алуға арналды.
2021 жыл. Байзақтағы әскери қоймадағы жарылыс
2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, артынша бірнеше жарылыс болды.
Апат салдарынан әскери қызметшілер мен құтқарушылар қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Қауіпті аумақтағы елді мекендердің тұрғындары эвакуацияланды.
Оқиғаға байланысты 29 тамыз Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2022 жыл. Қаңтар оқиғасы
2022 жылдың қаңтарында Қазақстанның бірқатар өңірінде басталған наразылықтар жаппай тәртіпсіздік пен қарулы қақтығыстарға ұласты. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
2023 жыл. Абай облысындағы орман өрті
2023 жылғы маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» аумағында ірі орман өрті болып, 14 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапты.
Қайғылы жағдайға байланысты 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2023 жыл. Костенко шахтасындағы апат
2023 жылғы 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт шығып, кейінгі ресми дерек бойынша 46 кенші қаза тапты.
Мемлекет басшысы Қарағанды облысына барып, қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. 29 қазан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
2026 жыл. Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығудағы қайғылы оқиға
2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды.
Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Нақтыланған мәлімет бойынша, 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, тергеу басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Бұл күні Қазақстанның барлық өңірінде мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Ел әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан азаматтарды аза тұтып, олардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасуда.




