Жоспарланған жобалардың бірі – заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы. Бұл нысан ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға арналған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған көпбейінді балалар ауруханасын салу көзделген. Аталған нысанға аудан әкімдігі 4,5 гектар жер телімін бөлген.
Бұдан бөлек, Қарасай аудандық көпбейінді орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны 2026 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.
Ауылдық жерлерде де медициналық инфрақұрылым кеңейтілуде. Абай және Үштерек ауылдарында бір ауысымда 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялар ашылды.
Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Көктоған, Ақсеңгір, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында отбасылық денсаулық орталықтары ашылды.
Жаңа медициналық нысандар тұрғындардың алғашқы медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алуына жағдай жасауға бағытталған.





