Биылғы турнирдің тарихы жиырма жылға жуық уақытты қамтиды. Алғашында аудандық деңгейде ұйымдастырылған жарыс кейін облыстық деңгейге көтеріліп, 2025 жылы республикалық мәртебеге ие болды. Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Бақытжан Әбдібаевтың туған-туыстары, спорт саласының өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты. Олар жас баскетболшыларға сәттілік тілеп, жарыстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және бұқаралық спортты дамытудағы маңызын атап өтті.
«Бұл турнир – жүлде мен кубок үшін өтетін жарыстан әлдеқайда ауқымды шара. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының көрінісі, ғұмырын спортқа арнаған азаматтың рухына көрсетілген құрмет. Сонымен қатар Алматы облысындағы баскетбол дәстүрлерінің жалғасуына, жас спортшылардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына жол ашатын маңызды алаң», – деді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының маманы Ербол Құлжабаев.
Бақытжан Әбдібаев – отандық баскетболдың дамуына елеулі үлес қосқан спортшы. Ол жасөспірімдер мен жастар құрамаларынан бастап, КСРО құрамасына дейін көтерілген. Спорттық мансабынан бөлек, жас ойыншыларға тәлімгерлік етіп, туған Жамбыл ауданында баскетболдың дамуына атсалысқан.
Үмбетәлі ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әуесбай Тәжібаевтың айтуынша, мұндай турнирлер жастарға отандық спорттың тарихын танытып қана қоймай, оларды тәртіпке, табандылыққа және мақсаткерлікке тәрбиелейді.
Бірнеше күнге созылған жарыста командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жеңіс үшін тартысты ойын өрнегін танытты. Жарыстың бас төрешісі Максим Шалаев турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және финалдық кездесулердің ерекше бәсекеге толы болғанын атап өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша:
-
І орын – Жетісу облысының құрамасы;
-
ІІ орын – Алматы облысының құрамасы;
-
ІІІ орын – Алматы қаласының құрамасы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, құрмет грамоталарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ «Матчтың үздік ойыншысы (MVP)», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша ерекше көзге түскен спортшыларға арнайы жүлделер табысталды.
Бақытжан Әбдібаевты еске алуға арналған дәстүрлі турнир жас баскетболшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауына және республикалық деңгейде өз қабілеттерін танытуына мүмкіндік беретін маңызды спорттық додаға айналып отыр.





