14 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында мал ұрлығының бірнеше дерегіне қатысы бар күдіктілерді анықтады.
Тергеу мәліметінше, төрт адамнан құралған алғашқы топтың мал ұрлығының сегіз дерегіне қатысы бар. Олар ауылдық жерлерде еркін жайылымда жүрген 20-дан астам ірі қара мен 47 қойды ұрлап, жергілікті тұрғынға сатып отырған.
Ал үш адамнан құралған екінші топ шаруа қожалығының аумағына заңсыз кіріп, қорадан 21 бас ұсақ малды ұрлады деген күдікке ілінді. Ұрланған мал тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.
Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері Алматы облысында мал ұрлығы 36 пайызға азайған. Полиция 80-нен астам қылмысты ашып, 75 күдіктіні, оның ішінде 14 қылмыстық топтың мүшелерін ұстаған. Заңды иелеріне 400-ден астам мал қайтарылып, 150 млн теңгеден астам залал өтелген.
Жалпы, республика бойынша жыл басынан бері мал ұрлығына қатысы бар 566 адам ұсталған. Төрт мыңнан астам мал иелеріне қайтарылып, 800 млн теңгеден астам шығын өтелген.
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мал ұрлығының алдын алу және азаматтардың мүлкін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.





