Оның айтуынша, 2026 жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында заңсыз айналымнан 12 тонна 674 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Осы кезеңде 83 есірткі қылмысы тіркеліп, 278 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен 32 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полиция интернет арқылы есірткі таратушыларға қарсы күресті де күшейткен. Нәтижесінде есірткі заттарын жарнамалаған 695 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды. Сондай-ақ заңсыз қаржы айналымына тосқауыл қою мақсатында «Антифрод-орталығы» жүйесіне 20 470 төлем деректемесі енгізілген.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында облыстың аумақтық полиция бөлімшелерінде 11 арнайы жедел топ құрылып, Алматы – Бішкек және Алматы – Өскемен тасжолдарында екі мобильді бекет ұйымдастырылған. Арнайы операцияға өзге құқық қорғау және мемлекеттік органдардың 55 қызметкері қосымша жұмылдырылған.
Полиция департаментінің мәліметінше, алдағы уақытта синтетикалық есірткінің таралу арналарын анықтау және жою, заңсыз қаржы айналымын бұғаттау, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға ерекше назар аудармақ.





