Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына тиісті көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді.
Бұған дейін Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болғаны хабарланған еді.
Алдын ала таратылған ақпаратқа сәйкес, Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құзырлы органдар азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.





