Жаңа буындағы әуе көлігі сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұша алады және бір қуатта 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсереді. Әуе таксиі бір ұшқыш пен бес жолаушыны тасымалдауға арналған. Ол 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, құрылғы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз — көмірқышқыл газын шығармайды әрі дыбысы кәдімгі көлік түрлеріне қарағанда әлдеқайда бәсең.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы сынақ жолаушысыз өткізілді.
Тарихи жобаға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, бұл бастама өңір үшін ғана емес, бүкіл елдің көлік және авиация саласы үшін маңызды кезең екенін атап өтті.
«Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы” конституциялық заңға қол қойды. Бұл құжат қаланың болашақта экономикалық өсім мен инновацияға негізделген экожүйеге айналуына жол ашады. Ал бүгінгі жоба — сол бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Біз тек жаңа технологияны бақылаушы емес, оны енгізуші мемлекетке айналып келеміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Аймақ басшысы Alatau City жобасына тартылған 250 миллион доллар инвестиция өңірдің болашағына деген жоғары сенімнің көрінісі екенін айтты.
«Alatau Advance Air Group Ltd.» компаниясының бастамасына жоғары баға берген әкім Алатау қаласы болашақта инновациялар мен цифрландырудың негізгі орталығына айналатынын жеткізді.
«Көк аспанды бағындырған әуе таксилерінің сапары сәтті әрі қауіпсіз болсын. Орталық Азиядағы заманауи авиацияның жаңа дәуірі дәл біздің өңірден бастау алып отырғаны — бәріміз үшін үлкен мақтаныш», – деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында Марат Сұлтанғазиев жоба серіктестерімен ынтымақтастық туралы келісімдерге де қол қойды.
«Alatau City Authority» бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, бұл жоба тек технологиялық жаңалық емес, жаңа индустрияның бастамасы.
«Бүгін біз Қазақстан үшін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Alatau City — болашақтың қаласы. Сондықтан еліміздің әуе мобильділігі дәл осы жерден басталып жатқанының символдық мәні зор», – деді ол.
Жоба аясында арнайы вертипорттар салынады. Олар әуе таксиінің ұшып-қонуына арналған және қуаттау мен навигациялық жүйелермен жабдықталады. Мұндай нысандарды ғимарат шатырларына, көлік тораптарына және бизнес-кластерлерге орналастыру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Alatau City-де алғашқы вертипорттың құрылысы басталып кеткен. Болашақта Алатау қаласы, Алматы және облыстың туристік аймақтарын байланыстыратын тұтас әуе маршруттары жүйесін құру көзделіп отыр.
Шара барысында әуе таксиімен қатар жүк тасымалдайтын дрондар мен цифрлық навигациялық платформа да таныстырылды.
Әлемде жолаушы тасымалдайтын аэротаксилер әзірге сынақ кезеңінде. Қазіргі таңда инфрақұрылымды дайындау және құқықтық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сарапшылардың болжамынша, жобаны 2029 жылға қарай толық іске қосуға мүмкіндік бар.
Мамандар бұл бастама Алматы облысын ғана емес, Қазақстанды да болашақ көлік технологияларын енгізетін өңірлік хабқа айналдыруы мүмкін екенін айтады.





