Экологиялық науқан аясында қала көшелеріне арша мен акация көшеттері егілді. Игі бастамаға ардагерлер, жастар және қала тұрғындары атсалысып, шаһардың жасыл желек қорын көбейтуге өз үлестерін қосты.
Қонаев қаласында көгалдандыру жұмыстары жыл басынан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл қала аумағында 20 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Бұл жұмыстар елді мекеннің экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл аймақтарды кеңейтуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Күзгі көгалдандыру науқаны аясында қала бойынша 9 мыңға жуық жеміс ағашын, акация мен арша көшеттерін отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
«Жасыл желек» акциясы тұрғындарды табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және туған қаласын көркейтуге жұмылдыруды көздейді.
Қонаев қаласында ағаш отырғызу және жасыл аймақтарды көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.





