Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілер теңізге ағып кеткен.
Ведомство таратқан ақпарат бойынша, тоғыз әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелген. Үш әскери қызметші құтқарылып, олардың бірі ауруханаға жатқызылған. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары, авиация және басқа да тиісті қызметтер қатысуда.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия шұғыл түрде оқиға орнына аттанған.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Ведомство іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат расталған деректер түскен сайын жарияланатынын хабарлады. Сондай-ақ азаматтарды Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына ғана сүйенуге шақырды.
Айта кетейік, 22 қыркүйекте Каспий теңізінің қазақстандық секторында «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы басталған болатын. Ол стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бірыңғай жоспары аясында ұйымдастырылған.
Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштері мен қосымша тартылған бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметшісі, жауынгерлік кемелер экипаждары, жағалаудағы бөлімшелер, ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша Жағалау күзеті, сондай-ақ Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштері қатысқан.





