Алматы облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, қорғау аймағының ені кемінде екі шақырым болуы тиіс. Құжатқа 2026 жылғы 3 қыркүйекте сол кездегі облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қол қойған. Қаулы алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Жаңа тәртіптің басты мақсаты – Көлсай көлдерінің бірегей табиғи экожүйесін сыртқы әсерден қорғау. Айта кетейік, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі 2021 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген.
Қорғау аймағында қоршаған ортаға кері әсер ететін нысандарды орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ ластаушы заттарды шығаруға, ағынды суларды төгуге, пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге, аң аулауға, радиоактивті материалдар мен өндірістік қалдықтарды көмуге рұқсат жоқ.
Шектеулер су ресурстарын қорғауды да қамтиды. Табиғи су ағысын өзгертуі мүмкін жұмыстарды жүргізуге, оның ішінде осындай әсері бар гидротехникалық құрылыстар салуға болмайды. Ұлттық парктің экожүйесіне осы аумаққа тән емес жабайы жануарлар мен өсімдіктер түрлерін әкелуге де тыйым салынған.
Дегенмен қорғау аймағы шаруашылық және туристік қызметке толық жабылмайды. Мұнда белгіленген талаптарды сақтай отырып, туризм және рекреацияны дамытуға, мал жаюға, шөп шабуға, орман шаруашылығымен айналысуға, минералды суларды пайдалануға, балық аулауға және балық өсіруге мүмкіндік бар.
Сонымен бірге туристерге арналған орындарды жабдықтауға, орманды қалпына келтіруге, жануарлардың мекендеу ортасын жақсартуға және өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етіледі. Алайда кез келген қызмет барысында жануарлардың мекендеу және көбею орындары, көші-қон жолдары мен ерекше құнды табиғи аумақтар ескерілуі тиіс.
Маңыздысы, қорғау аймағына кірген жер телімдері меншік иелерінен алынбайды. Яғни жеке тұлғалар мен басқа да жер пайдаланушылардың аумақтары екі шақырымдық белдеуге енген жағдайда да ұлттық паркке берілмейді. Бірақ ол жерлерде арнайы табиғатты қорғау талаптары сақталуы керек.
Жарияланған қаулыда қорғау аймағының нақты жалпы көлемі, координаттары және оның шекарасына кіретін нысандардың толық тізімі көрсетілмеген. Құжатта әзірге аумақтың ең төменгі ені мен оны пайдалану тәртібі белгіленген.
Алматы облысының әкімдігі қажет болған жағдайда қорғау аймағындағы жер иелері мен жер пайдаланушылар үшін қосымша шектеулер енгізе алады.
Осыған ұқсас қорғау режимі бұған дейін Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Алматы қаласы аумағындағы бөлігінде енгізілген. Ондағы қорғау аймағының жалпы көлемі 7652,54 гектарды құрайды және ені де кемінде екі шақырым болып белгіленген.





