29 қыркүйекте «ӘDILET» партиясының Іле аудандық филиалында өткен қабылдауда тұрғындар саяжай алқаптарының мәртебесі, ауызсу, электр және газ желілері, қоғамдық көлік, тұрғын үй, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды қолдау мәселелерін көтерді.
Асқар Тоқпанов ауылындағы «Нұрлы жол» саяжай кооперативінің тұрғыны аумаққа ауыл мәртебесін беру жөнінде өтініш білдірді. Сондай-ақ ауызсу мен электр желілерін тарту, қоғамдық көлік қатынасын реттеу және балалар ойын алаңын салу мәселелерін көтерді. Қабылдау барысында саяжай кооперативінің елді мекеннен шамамен 2,5 шақырым қашықта орналасқаны және бекітілген бас жоспар шекарасына қатысты түсіндірме берілді.
Ащыбұлақ ауылының тұрғыны мүгедектігі бар балаларға көрсетілетін қолдау мәселесін қозғады. Бұл бағытта демеушілер тартылып, 500 мың теңге көлемінде көмек көрсетілгені айтылды. Сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету орталығын лицензиялау және мемлекеттік қаржыландыру тетіктерін пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Қабылдауға келген бірнеше тұрғын баспана мәселесін де көтерді. Олардың тұрғын үй кезегіндегі мәртебесі қаралып, қолданыстағы тәртіп бойынша түсіндірме берілді.
Қайыржан Жақсымбетов әр тұрғынның өтінішін жеке тыңдап, жауапты бөлімдерге көтерілген мәселелерді заң талаптарына сәйкес пысықтауды тапсырды.





