2024 жылы қолға алынған бастама биыл ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның барлық 17 облысын қамтымақ. Жоспар бойынша биыл өңірлік кезеңдерде 15 мыңға жуық ауыл баласы бақ сынайды.
Жобаның биылғы маусымында бірқатар жаңалық бар екен. Спорт түрлерінің қатары сегізге жетіп, бағдарламаға алғаш рет футбол қосылды. Бұған қоса, алдыңғы екі маусымда Алматыда өткен республикалық турнир биыл Астанада ұйымдастырылмақ. Жоба аясында бірқатар спорт федерациялары және профильді ұйымдармен ынтымақтастық орнатылып отыр.
«Ауылдағы баланың мүмкіндігі ауылмен шектелмеуі керек»
AUYL SPORT жобасы Halyk қайырымдылық қорының бастамасымен ауылдық жерлердегі бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерге өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру және ауыл жаттықтырушыларының кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында іске қосылған.
Алғашқы маусымда жоба алты спорт түрін қамтыса, бүгінде олардың саны сегізге жетті. Екі жылдың ішінде өңірлік және республикалық турнирлерге 10 мыңнан астам ауыл баласы қатысқан.
Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, жобаның түпкі мақсаты – ауылдағы талантты балаларды анықтап қана қоймай, олардың үлкен спортқа дейін жетуіне жағдай жасау.
«AUYL SPORT-тың басты мақсаты – ауыл баласының қай жерде туғанына қарамастан, өз қабілетін көрсетуіне және үлкен спортқа жол ашуына мүмкіндік беру. Екі жылдың ішінде жобаға 10 мыңнан аса бала қатысты, ал биыл біз 15 мыңға жуық жас спортшыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Ең маңыздысы – жоба жеңімпаздары республикалық деңгеймен шектелмей, халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, нақты нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл ауылдағы талантты балаларға мүмкіндік берсең, олардың әлемдік аренаға дейін жете алатынын көрсетеді», – дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Биыл футбол қосылып, республикалық турнир Астанада өтеді
Үшінші маусымның басты жаңалықтарының бірі – AUYL SPORT бағдарламасына футболдың қосылуы. Осылайша, биыл 10-15 жас аралығындағы балалар каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі және футболдан жарысады.
Ғалымбек Жақсылықовтың сөзінше, республикалық кезеңнің географиясында да өзгеріс бар.
«Биылғы маусымның жаңалығы – AUYL SPORT қамтитын сегізінші спорт түрі ретінде футболдың қосылуы. Сондай-ақ биыл республикалық турнирді Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін екі жыл қатарынан Алматы қаласында өткен еді. Енді бұйырса, ауыл балалары елордамызды да көріп қайтатын болады», – деді ол.
Өңірлік кезеңдер 10 қыркүйекте Жамбыл облысынан басталып, 10 қазанға дейін еліміздің 17 облысында арнайы кесте бойынша өтеді. Жалпы есепте жас спортшылар 510 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Өңірлік іріктеу кезеңдерін ұйымдастыруға 78 388 889 теңге, ал республикалық турнирді өткізуге 15 527 778 теңге қарастырылған.
Ауылдан Анталияға дейінгі жол
AUYL SPORT-тың нәтижесін жарысқа қатысқан ауыл командаларының жетістігінен де көруге болады. Соның бірі – Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылының волейболдан ұлдар командасы.
Команданың жаттықтырушысы Ғайнол Ғалымның айтуынша, оның шәкірттері бұған дейін негізінен облыстық деңгейдегі жарыстарда бақ сынап келген. AUYL SPORT арқылы балалардың халықаралық турнирге шығуына мүмкіндік туған.
Өткен жылы команда Түркияның Анталия қаласында өткен жарысқа қатысып, бірінші орынды иеленген.
«Біздің балалар волейболдан облыс чемпионы. Қарапайым ауыл балалары бұған дейін облыс деңгейінде ғана бақ сынап жүр еді. AUYL SPORT жобасының арқасында халықаралық жарысқа барып, топ жардық. Бізге оңай болған жоқ. Балалар алғашында сасқалақтап, үлкен қысымды сезінді. Соған қарамастан намысқа тырысып, Түркия төрінде бірінші орынды еншіледік. Жобаға алғысымыз шексіз», – дейді Ғайнол Ғалым.
Жаттықтырушы үшін бұл жеңістің маңызы тек бірінші орынмен өлшенбейді. Бұған дейін халықаралық жарыстың атмосферасын сезінбеген ауыл балалары басқа елдің спортшыларымен бір алаңда ойнап, өз мүмкіндіктерін жаңа деңгейде сынап көрді.
Бұл – AUYL SPORT көздеген негізгі міндеттердің бірі: ауылдағы спортшыны жергілікті жарыстар шеңберінде қалдырмай, келесі деңгейге өтуіне мүмкіндік жасау.
Жоба түлектері халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр
AUYL SPORT-тың алғашқы екі маусымында көзге түскен спортшылар бүгінде халықаралық додаларда да нәтижеге қол жеткізіп жүр.
2025 жылы Сербияда өткен Дүниежүзілік Гимназиадада жоба спортшылары бокстан үш алтын, еркін күрестен бір қола медаль жеңіп алды. Шахматшылар екі Fair Play жүлдесіне ие болды.
Жоба түлектері Қытай, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанда өткен жарыстарда да Қазақстан атынан өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінген.
AUYL SPORT аясында балалардың жарысқа қатысуына қажетті негізгі шығындар да қарастырылған. Атап айтқанда, спортшылардың жол жүруі, тұруы, киімдері мен қажетті спорттық жабдықтары қамтамасыз етіледі. Бұл әсіресе шалғай ауылдардағы отбасылар үшін баланың жарысқа қатысуына кедергі болатын қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Федерациялармен бірлескен жұмыс күшейеді
Үшінші маусымдағы тағы бір өзгеріс – жобаны салалық ұйымдармен бірлесе жүзеге асыруға басымдық берілуі.
AUYL SPORT аясында Қазақстан мектеп спорты федерациясы, Қазақстан бокс федерациясы, үстел теннисі, каратэ, баскетбол және волейбол федерациялары, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, сондай-ақ «Арыстан» мамандандырылған лицейімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.
Мұндай әріптестік жарыстардың кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, ауылдағы балаларды спорт федерациялары мен мамандардың назарына шығаруға мүмкіндік бермек.
Жоба тек спортшылармен жұмыс істеумен шектелмейді. Ауыл жаттықтырушылары мен төрешілеріне де кәсіби семинарлар ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін алғашқы медициналық көмек көрсету, каратэ мен еркін күрестің жаңартылған ережелері бойынша оқыту жүргізілсе, шахмат жаттықтырушылары халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасқан.
10 жылдыққа – 10 жаңа спорт алаңы
2026 жыл Halyk қайырымдылық қоры үшін де мерейтойлы жыл. Биыл қордың құрылғанына 10 жыл толып отыр.
Осыған байланысты AUYL SPORT аясында жоғары нәтиже көрсеткен ауылдарда 10 жаңа спорт алаңын салу жоспарланған.
Сонымен қатар республикалық және халықаралық жарыстарда ерекше нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға білім гранттарын беру және спорттық санаттар тағайындау мәселелері қарастырылып жатыр.
Бұл бастамалар AUYL SPORT-ты бір реттік турнир форматынан ұзақмерзімді спорттық жүйеге айналдыруға бағытталған. Яғни бала өңірлік жарыста жеңіске жеткеннен кейін де назардан тыс қалмай, оның әрі қарай дамуына мүмкіндік қарастырылады.
15 мың баланың арасынан жаңа есімдер шығуы мүмкін
Биыл AUYL SPORT тарихындағы ең ауқымды маусым болмақ. 17 облыста өтетін өңірлік кезеңдерге 15 мыңға жуық баланың қатысуы жоспарланған. Олардың арасынан үздіктер республикалық додаға жолдама алады.





