Бүгінде жасанды интеллект әлемдік киноиндустрияның дамуына ықпал етіп, шығармашылық идеяларды жүзеге асырудың жаңа тәсілдерін қалыптастырып келеді. Мамандардың пікірінше, заманауи технологиялар режиссерлер мен сценаристерге тың мүмкіндіктер ұсынып қана қоймай, креативті индустрияның ауқымын кеңейтуге жол ашады.
БАҚ саласының өкілі Еркежан Мырзабекқызы Astana AI Film Festival 2026 халықаралық фестивалінің маңызына тоқталып, мұндай бастамалардың Қазақстанның цифрлық шығармашылық саласындағы әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтты.
«Astana AI Film Festival 2026 — жасанды интеллект пен шығармашылықтың тоғысқан тұсын көрсеткен маңызды халықаралық алаң. Биылғы фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түсуі бұл бағытқа деген қызығушылықтың жоғары екенін дәлелдейді. Әсіресе, жасанды интеллекттің тек технология ретінде емес, жаңа идеяларды жүзеге асырудың қуатты құралы ретінде танылып келе жатқаны қуантады», — деді Еркежан Мырзабекқызы.
Оның айтуынша, жасанды интеллект шығармашылық мамандардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, бұрын күрделі техникалық ресурстарды қажет еткен идеяларды жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл әсіресе кино өндірісіне енді қадам басқан жас режиссерлер мен тәуелсіз авторлар үшін маңызды.
«Мұндай жобалар авторлар мен режиссерлерге тың мүмкіндіктер ашып, креативті индустрияның дамуына серпін береді. Қазақстанда осындай деңгейдегі халықаралық фестивальдің өтуі еліміздің инновациялар мен цифрлық шығармашылық саласындағы әлеуетін әлемге танытатын маңызды қадам деп есептеймін», — деп атап өтті БАҚ саласының өкілі.
Жасанды интеллекттің кино саласына енуі шығармашылық үдерістерді жеделдетумен қатар, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеру қажеттігін де алға шығарып отыр. Сценарий әзірлеу, визуалды эффектілер жасау, бейнематериалдарды өңдеу және анимация өндірісінде цифрлық құралдардың мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Astana AI Film Festival 2026 секілді халықаралық жобалар тәжірибе алмасуға, жаңа шығармашылық байланыстар орнатуға және қазақстандық авторлардың жұмыстарын халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.
Еркежан Мырзабекқызының пікірінше, технология мен шығармашылықтың үйлесімді дамуы Қазақстанның креативті индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі.





