Жобаның негізгі мақсаты – үздік әскери қызметшілерді анықтау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, әскери тәртіп пен командалық рухты нығайту. Сонымен қатар қозғалыс Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан қатарындағы қызметтің беделін арттыруды көздейді.
ASAU қозғалысының бастамашысы әрі авторы – Қонаев гарнизоны прокурорының орынбасары, әділет майоры Қуаныш Зұлқашев. Оның бастамасы бүгінде мыңдаған Отан қорғаушының басын қосатын әскери-патриоттық жобаға айналды.
Күш қана емес, білім мен жылдам шешім де сыналады
ASAU жарыстарының ерекшелігі – қатысушылардың дайындығын бірнеше бағыт бойынша қатар бағалауында. Әскери қызметшілер армиялық кедергілер жолағынан өтіп, төзімділігі мен дене дайындығын көрсетеді. Атыс кезеңінде мергендігі мен қаруды меңгеру шеберлігі сыналса, әскери-тактикалық тапсырмалар кезінде күрделі жағдайда жедел әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетіне басымдық беріледі.
Жарыс тек әскери даярлықпен шектелмейді. Бағдарламаға Қазақстанның ұлттық спорт түрлері де енгізілген. Бұдан бөлек, қатысушылар құқықтық сауаттылығы мен теориялық білімін көрсететін интеллектуалдық кезеңнен өтеді.
Осылайша, жарыста жеңіске жету үшін тек күш пен төзімділік жеткіліксіз. Қатысушыдан әскери шеберлік, мергендік, тактикалық ойлау, білім және командамен бірлесе әрекет ету қабілеті талап етіледі.
Төрт мыңнан – санаулы финалист
Биылғы «ASAU-2026» маусымының іріктеу кезеңдеріне төрт мыңға жуық әскери қызметші қатысты. Бірнеше кезеңнен тұратын сыннан сүрінбей өткен ең мықты жауынгерлер ғана финалға жолдама алды.
Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімі бөлімшесінің бастығы, кіші сержант Альбина Қырғызбайдың айтуынша, жоба жас әскери қызметшілердің кәсіби дамуына ғана емес, командалық рухтың қалыптасуына да ықпал етеді.
«ASAU жобасы берік командалық рух қалыптастырып, жас сарбаздарды үнемі өзін-өзі жетілдіруге ынталандырады. Жоба әскери жастардың физикалық, зияткерлік және моральдық-психологиялық дайындығына жоғары талап қояды», – дейді Альбина Қырғызбай.
ASAU бүгінде әскери қызметшілер үшін жай ғана жарыс емес, кәсіби шеберлікті шыңдап, төзімділік пен білімді қатар сынайтын алаңға айналып келеді. Жоба арқылы әскери ортада салауатты бәсекелестік қалыптасып, жас сарбаздардың қызметке деген ынтасы мен жауапкершілігін арттыру көзделген.





