Жаңа жүйе Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарындағы алты жол учаскесін қамтиды. Алматы – Қорғас тасжолында бақылау Ұйғыр – Панфилов аралығындағы 50,8 шақырым жолға орнатылады. Бұл учаскеде рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық – сағатына 120 шақырым.
Ал Қарағанды – Бурылбайтал тасжолында Шұбартүбек – Гүлшат және Гүлшат – Тасарал аралықтары бақылауға алынады. Аталған учаскелердің ұзындығы тиісінше 42,1 және 42,5 шақырымды құрайды. Мұнда көліктерге сағатына 140 шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген.
Қызылорда – Арал бағытында Ақжарма – Ақжар, Ақжар – 103-разъезд және 103-разъезд – Әйтеке би аралықтарына бақылау жүйесі енгізіледі. Бұл учаскелердің ұзындығы 48,2 шақырымнан 122,4 шақырымға дейін жетеді. Рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 100 шақырым.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жаңа жүйенің басты ерекшелігі – көліктің жылдамдығын бір нүктеде емес, жолдың белгілі бір бөлігінде бақылауы. Арнайы камералар автокөліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Осы мәліметтер негізінде жүріп өткен қашықтық пен уақыт есептеліп, көліктің орташа жылдамдығы анықталады.
Егер жүргізуші белгіленген жылдамдықты асырса, құқықбұзушылық туралы ақпарат автоматты түрде уәкілетті органдарға жіберіледі. Осылайша, жүргізушілер камера орналасқан тұста ғана жылдамдықты төмендетіп, кейін қайта үдете алмайды. Жол қозғалысы ережелерін бақылаудағы бүкіл учаскеде сақтау қажет болады. Жаңа жүйе республикалық автожолдардағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жылдамдықты асыру салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.





