Елназ – ұлттық құраманың ең жас мүшесі. Жарыс барысында 16 жасқа толған Алматы облысының өкілі шахмат олимпиадасына алғаш рет қатысып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы Самарқандтағы додада сәтті өнер көрсетті. Алтыншы турда қазақстандық шахматшылар Әзербайжан құрамасын 2,5:1,5 есебімен жеңді.
Кездесуде Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова және Зарина Нұрғалиеваның партиялары тең аяқталды. Ал Алуа Нұрман қарсыласын жеңіп, командаға шешуші ұпай әкелді.
Алты турдың қорытындысы бойынша Қазақстан әйелдер құрамасы әзірге ұпай жоғалтқан жоқ. Ұлттық құрама 12 ұпай жинап, Қытай командасымен бірге көш бастап тұр.
Қазақстан ерлер құрамасы да алтыншы турды жеңіспен аяқтады. Ұлттық құрама Колумбияны 3,5:0,5 есебімен ұтты. Жандос Ағмановтың партиясында тең нәтиже тіркелсе, Денис Махнёв, Сауат Нұрғалиев және Даниял Сапенов қарсыластарынан басым түсті.
Алты турдан кейін Қазақстан ерлер құрамасының еншісінде төрт жеңіс, бір тең ойын және бір жеңіліс бар. Тоғыз ұпай жинаған команда 26-орында келеді.
Алматы облысының жас шахматшысы Елназ Қалиахмет үшін Самарқандтағы дода – спорттық жолындағы алғашқы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы. 16 жасында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетуі жас шахматшының мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі болып отыр.





