Өңір басшысы алдымен Рахат ауылындағы балық шаруашылығының жұмысын көрді. Мұнда «СПК BIG FISH» ЖШС форель мен бекіре өсіруді қолға алған.
Кәсіпорын өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 14 млн теңге несие алып, канал бойында балық өсіруді бастаған. Алғашқы жылы шаруашылық 80 тонна форель мен бекіре өсірсе, биыл өндіріс көлемін 150 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Шаруашылық иесі Еділ Мысақұловтың айтуынша, ашық су айдынының тазалығы мен судағы оттегінің жеткілікті болуы балықтың тез өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкер алдағы уақытта жобаға 4 млрд теңге инвестиция салып, өндіріс көлемін бірнеше есе арттыруды көздеп отыр.
Шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі бұл тәжірибені өңірдегі басқа су арналарында да қолдануға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Марат Сұлтанғазиев жауапты басқарма басшыларына жобаны облыстың өзге аудандарында жүзеге асыру мүмкіндігін зерделеуді тапсырды.
Қазіргі таңда Алматы облысында балық өсірумен 53 шаруашылық айналысады. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 10,9 мың тоннаны құрайды. Бұл бағыттағы жаңа жобалардың көбеюі саланың инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Импортты алмастыратын зауыт іске қосылады
Ұйғыр ауданында жүзеге асырылып жатқан тағы бір ірі инвестициялық жоба – «ТұздыБасТау» ЖШС-нің натрий сульфатын өңдейтін зауыты.
Жобаға 8,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын жылына 24 мың тонна натрий сульфатын өндіруге қауқарлы болады. Зауыт іске қосылғаннан кейін 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндіріс орнын биыл қыркүйек айында іске қосу жоспарланған.
«Натрий сульфаты тамақ өнеркәсібінде, медицинада, косметика, тоқыма және полиграфия салаларында, бояу мен қағаз өндірісінде, сондай-ақ суды өңдеуде кеңінен қолданылады. Қазақстан жыл сайын 100 мың тоннадан астам натрий сульфатын көрші елдерден импорттайды. Біз осы қажеттіліктің бір бөлігін отандық өніммен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз», – деді «ТұздыБасТау» ЖШС өкілдері.
Өндіріске қажетті шикізат Кеген ауданынан жеткізіледі.
Шонжыдағы спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталады
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Шонжы ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты.
Нысан құрылысы бірнеше жылға созылған. 2021 жылы кешеннің бір блогы құлап, құрылыс жұмыстары тоқтатылған болатын. Кейін сот процестері өтіп, жауапты тарапқа қатысты тиісті шешім қабылданды. 2025 жылы нысан құрылысы қайта жанданды.
Жобаны аяқтауға бюджеттен 1 млрд 625 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта «АГС-Пласт» ЖШС мердігер ретінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кешенді биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Құрылыс алаңын аралаған Марат Сұлтанғазиев мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар ескерту жасап, ең басты талап жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы екенін жеткізді. Нысан құрылысының сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Ұйғыр ауданындағы жаңа жобалар ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік бермек.





