Өңірде тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерінің қолданылуы бұрын ауыл шаруашылығына пайдаланылмаған мыңдаған гектар жерді айналымға қосуға мүмкіндік беріп отыр. Соңғы төрт жылда су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 3,3 есеге артып, 66,6 мың гектарға жеткен. Бұл облыстағы суармалы жерлердің шамамен 30 пайызына тең.
Биыл аталған көрсеткіш 94 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұған өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған инвестициялық жобалардың көбеюі ықпал етіп отыр.
Осындай ірі жобалардың бірі Іле ауданында жүзеге асырылуда. «Alfalfa.kz» серіктестігі 1,7 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп, жоңышқа өсіруді жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды.
Компания басшысы Жәнібек Қалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта жер теліміне қажетті инфрақұрылым тартылып, жаңбырлатып суару қондырғыларын орнату жұмыстары басталған.
«Егістікке қажетті суды Сорбұлақтан аламыз. Ол үшін арнайы су тазарту станциясын салуды жоспарлап отырмыз. Онда су толық автоматтандырылған жүйе арқылы тазартылып, егістікке пайдаланылады. Қазір электр желісін іске қосып, суару жүйелерін жүргізіп жатырмыз. Келер жылдың көктемінде жоңышқа егуді бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба өңірдің жем-шөп базасын нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді», – деді Жәнібек Қалиев.
Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану үшін тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмей, суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін кезең-кезеңімен азайтуға да басымдық берілуде.
Биыл Алматы облысында 440 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Ал 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары 186,6 мың гектар жерді қамтуы тиіс. Бұл ауыл шаруашылығында су шығынын азайтып, қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалануға және егістік алқаптардың өнімділігін арттыруға бағытталған.





