Мемлекет басшысы Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндірісті дамытуға дайын ірі инвесторлармен жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.
Осы ретте Президент металлургия және көмір химиясы салаларында толық өндірістік тізбекке ие Xinfa Group компаниясымен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай тәсіл Қазақстанның индустриялық даму басымдықтарына сәйкес келетінін айтты.
Кездесуде Алматы облысындағы «Көлжат» кен орнын игеру перспективасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба қазақ-қытай өндірістік кооперациясын одан әрі дамыту бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
Президент кен орнын кешенді игерудің маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, мұнда жартылай кокс, сутегі, синтез-газ және жоғары сапалы мұнай өнімдерін өндіретін интеграцияланған өндіріс тізбегін құру көзделеді.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Алматы облысында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжан Гуйчун аса маңызды материалдар саласындағы серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Өз кезегінде Xinfa Group президенті компанияның Қазақстанмен әріптестікті кеңейту жоспарын таныстырып, бірлескен жобаларға көрсетіліп отырған қолдау үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.




