Қазіргі уақытта егіс алқаптарының шамамен 34 пайызындағы өнім жиналған. Алдағы уақытта қалған алқаптардағы жиын-терін жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Осыған дейін өңірдегі бес кәсіпорынға жалпы 22,9 мың тонна жүгері жеткізілген.
Атап айтқанда, «Азия Агрофуд» ЖШС 12 мың тонна өнім қабылдаған. «КазЭкоДән» кәсіпорнына 4 мың тонна, «Балтабай Дән» ЖШС-не 3,9 мың тонна жүгері өткізілген. Сонымен қатар «Көк теңіз» ЖШС 2 мың тонна, ал «Байсерке Агро» ЖШС 1 мың тонна өнім қабылдаған.
Кәсіпорындар жүгеріні келісімшарт талаптарына сәйкес қабылдайды. Бұл ретте өнімнің ылғалдылық деңгейі мен сапалық көрсеткіштері ескеріледі. Жүгерінің сапасы мен ылғалдылық мөлшері оны сақтау және қайта өңдеу кезінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан жиналған өнімді қабылдау барысында белгіленген талаптардың сақталуына назар аударылады.
Алматы облысында жүгері өсіру ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызды бағыттарының бірі саналады. Дәнді дақыл мал азығын дайындауда және қайта өңдеу өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады.
Әзірге 65,2 мың гектар алқаптың 22,1 мың гектары жиналғандықтан, негізгі жұмыстардың едәуір бөлігі алда тұр. Жиын-терін науқаны жалғасқан сайын жиналатын өнім көлемі де артып, оны қабылдайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындарға жеткізу жұмыстары жалғасады.





