Келісім аясында тараптар табиғи ресурстарды тиімді басқару, аумақтарды көгалдандыру және өңірдің климаттық өзгерістерге бейімделуіне бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бүгінде Shin-Line Group компаниясы 500 мың гинкго ағашын отырғызған. Компанияның жалпы аумағы 137 гектарды құрайтын жеке тәлімбағында көшеттер өсіріліп, Алматы қаласы мен Алматы облысында жаңа саябақтар құру, аумақтарды көгалдандыру және орман алқаптарын қалпына келтіру көзделген.
Жобаға AFoCO халықаралық ұйымының қатысуы орман шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелер мен заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар меморандум аясында бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, тәжірибе алмасу, орман шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылады.
«Біз үшін ағаш отырғызу ғана емес, жасыл аймақтардың дамуына, сақталуына және адамдар өмірінің бір бөлігіне айналуына жағдай жасау маңызды. Экологиялық бастамалардың жаңа саябақтар, қалпына келтірілген ормандар және тұрғындар үшін жайлы орта түрінде нақты нәтиже бергенін қалаймыз», – деді Shin-Line Group президенті Андрей Шин.
Үшжақты ынтымақтастық өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғи ресурстарын сақтауға және тұрғындарға арналған жаңа жасыл кеңістіктер құруға бағытталған.





