Көкбастау ауылында ұйымдастырылған мерекелік шараға еліміздің әр өңірінен келген қонақтар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, ақындар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Мерейтойға 25 мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды Alataunews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекеге орай Көкбастау атырабында 50-ге жуық киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүр мен қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптейтін түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Жиналған жұрт қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, асылтұқымды жылқылар мен тазылар көрмесін аралады. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, өнерпаздар жыр-термелер орындады.
Мерекелік бағдарламада Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасына ерекше назар аударылды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымдар ұсынылып, қазақтың айтыс өнері кеңінен насихатталды.
Биыл туғанына 100 жыл толған белгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығы да назардан тыс қалған жоқ. Көрермендерге режиссердің фильмдерінен үзінділер көрсетіліп, театрландырылған қойылым ұсынылды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Президент өз құттықтауында Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиеті мен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«Жамбыл Жабаев – ұлт мәдениетінде ерекше орны бар тарихи тұлға, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Әйгілі жыршы шоқтығы биік шығармалары арқылы отаншылдық пен ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді», – делінген құттықтау хатта.
Мемлекет басшысы ақынның айтыс өнерін дамытуға, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға және қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға қосқан үлесіне де тоқталған. Жамбыл шығармаларының көптеген шет тіліне аударылып, әлемдік әдеби мұраның бір бөлігіне айналғаны атап өтілді.
Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов мерейтойда сөз сөйлеп, Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасы мен оның қазақ руханиятындағы орны туралы айтты.
«Жамбыл – қазақтың сөз өнерінде айрықша орны бар дара тұлға. Атақты Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғасырға жуық ғұмырында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт мұратын жырына арқау етті. Жамбыл бабамыздың есімі уақыт өткен сайын халықпен бірге жасай беретін рухани құндылық», – деді облыс әкімі.
Шыңғыс Әрінов ақын мұрасын сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу маңызды міндет екенін атап өтті.
Мерейтой қарсаңында Ұзынағаш ауылында халықаралық ақындар айтысы өтті. Оған Қазақстан мен Қырғызстаннан келген айтыскерлер қатысып, суырыпсалмалық өнерден бақ сынады.
Ақындардың өнерін Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы бағалады.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алып, жаңа автокөлік иеленді. Бірінші орын Қырғызстаннан келген Кутман Садыбакасовқа бұйырды.
Екінші орынды Қазырет Бердіхан мен Нұрбол Жауынбаев иеленсе, үшінші орынды Болат Ахметов пен Ұларбек Минатхан өзара бөлісті.
Ал 3 қазанда Жамбыл ауданының Көкбастау ауылында мерейтойлық шаралар ауқымды мерекелік бағдарламамен жалғасты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жыр алыбының мерейтойына 25 мыңға жуық адам қатысқан.
Мерекелік шаралар аясында Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасын насихаттауға, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеуге ерекше көңіл бөлінді.





