Басқарма мәліметінше, оқулық тапшылығы жаңа оқу жылының басында оқушылар санының көбеюіне байланысты туындаған. Қазір аталған мектептің төртінші сыныптарында барлығы 224 оқушы білім алып жатыр.
«Оқу жылының басында оқушылар санының артуына байланысты жекелеген оқулықтар уақытша жетіспей қалды. Оқу процесін үздіксіз жалғастыру үшін оқушыларға электронды оқулықтар мен қолжетімді оқу материалдарын уақытша пайдалануға мүмкіндік берілді», – деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Ведомство өкілдері ата-аналарға электронды оқулықтарды толықтай басып шығарып, мектепке әкелу жөнінде талап қойылмағанын атап өтті.
Қазір Қарасай ауданында жетіспейтін оқулықтарды қосымша сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкімдік мәліметінше, жаңа оқулықтарды мектептерге 7 қыркүйекте жеткізу жоспарланған.
Мәселе бұған дейін әлеуметтік желіде көтерілген еді. Желіде тараған видеода әйел қағазға басып шығарып, өзі түптеген оқулықтарды көрсеткен. Оның сөзінше, қажетті кітаптар болмағандықтан, кейбір ата-аналар оқулықтарды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болған.





