Экологиялық акция Қонаев қаласында да ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік қызметкерлер, жастар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысып, қала маңындағы жол бойларын, шағын аудандар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты.
Алматы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мәліметінше, кезекті сенбілікке өңір бойынша 18 420 адам жұмылдырылған. Нәтижесінде 326 гектар аумақ тазартылып, 298 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары аясында 2350 түп ағаш егілді.
Басқарманың бөлім басшысы Әлина Түсіпбаеваның айтуынша, облыста тазалық жұмыстары 38 апта бойы үздіксіз жүргізіліп келеді.
«Бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 929 мыңға жуық адам қатысып, 21 мың тонна қоқыс шығарылды. Жалпы 13 мың гектар аумақ тазартылып, 127 мың түп ағаш отырғызылды», – деді Әлина Түсіпбаева.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, экологиялық шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Бекітілген жоспарға сәйкес, апта сайын елді мекендердегі қоғамдық орындар тазартылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Сенбілікке қатысқан тұрғындар мұндай шаралардың қаланың тазалығын сақтаумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Бүгін күрек ұстап, туған өлкеміздің көркеюіне өз үлесімізді қостық. Мұндай шаралар әр адамның қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауына мүмкіндік береді», – деді Қонаев қаласының тұрғыны Азамат.





