Өңірде сүт өндірісінің айтарлықтай өскені тіркелген. Алатауда өндіріс көлемі 26,7 пайызға, Балқаш ауданында 16,6 пайызға, Ұйғыр ауданында 13 пайызға, Жамбыл ауданында 12,6 пайызға артқан. Қонаев қаласында өсім 6,8 пайызды құрады.
Қазіргі таңда облыста жалпы жобалық қуаты 23,8 мың басқа арналған 55 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Шаруашылықтарда 20 мыңға жуық ірі қара бар. Өндірілген сүт көлемі 21,2 мың тоннаға жеткен.
Мал бордақылау бағытында да өндірістік әлеует артып келеді. Облыста жалпы қуаты 63,9 мың басқа есептелген 58 бордақылау алаңы бар. Олардың ішінде Іле, Талғар және Қарасай аудандарындағы шаруашылықтарда өндірістік жүктеме жоғары.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мемлекеттік қолдауға да басымдық беріліп отыр. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында 287 АӨК субъектісіне шығындарының бір бөлігін өтеу үшін 6,6 млрд теңге төленді.
Бұл қаражат ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, өңдеу кәсіпорындарын кеңейтуге және бау-бақша шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар аграрийлердің несие және лизинг бойынша қаржылық жүктемесін азайту шаралары жүзеге асырылуда. 660 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің міндеттемелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға қаржы ұйымдарына 4,5 млрд теңге аударылған.
Су ресурстарын тиімді пайдалану да негізгі бағыттардың бірі. 2025 жылы су үнемдеу технологияларын енгізген 24 шаруашылыққа 2,7 млрд теңге көлемінде субсидия берілді.
Осылайша, Алматы облысының агроөнеркәсіп кешенінде шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттырумен қатар, техника мен технологияларды жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Сүт және мал шаруашылығындағы өсім мен мемлекеттік қолдау шаралары өңірдің аграрлық әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек.





