Халықаралық фестиваль 21–23 тамыз аралығында Іле ауданындағы Первомай тоғандарында ұйымдастырылды. Үш күнге созылған музыкалық шараға әлемге танымал әртістермен қатар қазақстандық орындаушылар да қатысты.
Фестивальдің алғашқы күнінде қазақстандық Dirty CTRL тобы өнер көрсетті. Одан кейін сахнаға The Kills шығып, кештің басты қонағы ретінде The White Stripes тобы арқылы әлемге танылған америкалық музыкант Jack White концерт қойды.
Екінші күннің бағдарламасы бірнеше музыкалық жанрды қамтыды. Көрермендер алдында қазақстандық Dequine, америкалық De La Soul және CeeLo Green, сондай-ақ әлемге әйгілі Gorillaz тобы өнер көрсетті. Gorillaz концерті фестивальдің көпшілік күткен басты оқиғаларының біріне айналды.
Үшінші күні сахнада қазақстандық Kezeñ және PIGZ топтары, сондай-ақ Glassjaw пен Үндістанның Bloodywood ұжымы өнер көрсетті. Үш күндік музыкалық бағдарламаны әлемге әйгілі The Offspring тобы қорытындылады.
Фестиваль қазақстандық музыканттар үшін де халықаралық аудиторияға өз шығармашылығын таныстыруға мүмкіндік берді. Отандық орындаушылар шетелдік танымал әртістермен бір сахнада өнер көрсетіп, музыканың түрлі бағыттарын ұсынды.
Іле ауданына үш күн ішінде ондаған мың адамның келуі өңірдегі қызмет көрсету саласына да әсер етті. Келушілер ағыны көлік, қоғамдық тамақтану, сауда және басқа да қызмет түрлеріне сұранысты арттырды.
Фестивальдің экономикалық тиімділігі салық түсімінен де байқалды. Шара қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке 100 млн теңге салық түскен. Бұл ірі мәдени іс-шаралардың өңір экономикасы мен оқиғалық туризмді дамытуға ықпалын көрсетеді.
Көпшілік қатысқан фестиваль кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Медициналық және өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтіліп, жол қозғалысын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.
Осылайша, Park Live 2026 Алматы облысындағы ірі музыкалық оқиғалардың біріне айналып, үш күн ішінде 50 мыңға жуық көрерменді бір алаңға жинады.





