Алдын ала мәлімет бойынша, алқаптың жекелеген учаскелерінде өнімділік гектарына 5 тоннаға дейін жетіп отыр. Қазіргі көрсеткіштер сақталса, шаруашылық 3,5 мың тоннадан астам күнбағыс жинауды жоспарлап отыр.
Жоғары өнімділікке қол жеткізуге заманауи агротехнологияларды енгізу мен су ресурстарын тиімді пайдалану ықпал еткен. Атап айтқанда, 700 гектардан астам алқаптың барлығында тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Бұл суды үнемдеп қана қоймай, дақылдардың өсуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың айтуынша, қазір шаруалар үшін өнім көлемін арттырумен қатар, әр гектар жердің тиімділігін көтеру маңызды.
«Қол жеткізілген көрсеткіштер заманауи агротехнологияларды қолдану, су ресурстарын ұтымды пайдалану және өндірісті тиімді ұйымдастыру нақты нәтижеге жеткізетінін көрсетіп отыр. Алматы облысында су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», – деді Димаш Сыдықов.
Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары да ықпал етіп отыр. Қолданыстағы бағдарламалар аясында шаруаларға су үнемдеу технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бағытталған субсидиялар қарастырылған.
Жиналған өнімнің басым бөлігі сыртқы нарыққа шығарылмақ. Жоспар бойынша күнбағыс өнімінің шамамен 80 пайызы экспортқа бағытталады. Бұл өңір шаруалары үшін өткізу нарығын кеңейтіп, Алматы облысының агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір Жамбыл ауданында күнбағыс жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, техниканы жаңарту және заманауи агротехнологияларды пайдалану өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.





